Әйелдің тілін алу.
Әйелдің тілін алу.

Әйелдің тілін алу

Парсы патшасы Хусрау Паруаз (570-628) балық жеуді сүйеді екен. Бір күні әйелі Шырынмен мәжілісте отырады. Сол сәтте қолында сирек кездесетін үлкен балығы бар балықшы мәжіліске келеді. Рұқсат сұрап, патшаның алдына балықты көлдеңінен тастайды. Кейін балықты патшаға сыйға тартады. Балық патшаға қатты ұнайды. Балықшыға төрт мың дирһам беруді бұйырады. Мұны көріп отырған әйелі Шырын: «Нендей жаман іс жасадың!» дейді. Патша таңданып: «Соншалықты не жасап қойыппын?!» дейді. Шырын: «Осыдан кейін нөкерлеріңнің біріне осы көлемдегі ақшаны берсең, «Маған балықшыға бергенді берді» деп ренжитін болады» дейді. Патша: «Рас айтасың! Алайда берген сыйын қайтып алу патшаларға жараспайды.  Болатын іс болды, бояуы сіңді» дейді. Шырын: «Сен бұл істі маған бер! Мен өзім реттеймін» дейді. Патша: «Не істемексің?» деп сұрайды. Шырын: «Сен балықшыны кері шақырт! Кейін мына балық еркек пе әлде ұрғашы ма деп сұра. Егер балықты еркек  деп айтса, маған ұрғашысы керек еді деп айт. Ал егер ұрғашы деп айтса, маған еркегі керек еді» деп айт!» дейді. Сонымен патша әйелінің сөзін құп көріп балықшыны кері шақыртады.  Балықшы патшаның құзырына қайта шығады. Патша балықшыға: «Мына балық еркек пе ұрғашы ма?» деп сұрайды. Балықшы әңгіме ауанының өзгергендігін байқайды. Жерге жығыла кетіп: «Бұл балық хунса (қос жынысты), еркек те емес, ұрғашы да емес» дейді. Патша тапқырлығына риза болып рақаттана күледі. Нөкерлеріне қарап: «Мынаған тағы төрт мың дирһам беріңдер!» деп бұйырады. Қазынашы төрт мың дирһамды дереу патшаның құзырына жеткізеді. Балықшы сегіз мың дирһамды қоржынына салады. Иығына артып, патшадан рұқсат сұрап сарайдан шығуға бет алады. Екі үш қадам жасаған соң қоржыннан бір дирһам түсіп кетеді. Балықшы қоржынды иығынан түсіреді. Еңкейіп бір дирһамды жерден алады. Қайтіп қоржынына салады. Балықшының бұл әрекетіне патша да әйелі де куә болады. Шырын патшаға қарап: «Мынаның көңілінің пәстігін, арамдығын қарашы! Бар болғаны бір дирһам түсіп еді, соған бола иығындағы сегіз мың дирһамды түсірді. Бір дирһамға бола еңкейіп жерден алды. Соны алмай-ақ қойса осы жерде жүрген қызметкердің бірі алар еді ғой. Бір дирһамды да соларға қимады» дейді. Патша әйелінің сөзін дұрыс көріп: «Шырын! Шынымен-ақ рас айтасың» дейді. Балықшыны кері алдырып: «Ей оңбаған! Иығыңдағы қоржында соншама ақша бола тұра, бір дирһамға бола қоржынды түсірдің! Бір дирһамның жерде қалуын қимадың» деп кіжінеді. Балықшы жерге жығыла кетіп: «Алла патшаның жасын ұзақ етсін! Мен жерге түскен әлгі дирһамды сараңдығымнан көтергенім жоқ. Дирһамның бір бетінде патшаның суреті, ал екінші бетінде патшаның аты жазылған емес пе?! Біреу байқамай соны басып кетеді деп қорықтым. Көтермесем патшаның өзіне де атына да кір келеді емес пе?! Соған себепкер болып қаламын ба зәре-құтым қалмады.  Көтеруімнің басты себебі сол еді» дейді. Патша алғырлығына риза болып сүйсінеді. Нөкерлеріне қарап: «Мынаған тағы төрт мың дирһам беріңдер!» деп бұйырады. Балықшы қазынашыдан он екі мың дирһам алып сарайдан шығып кетеді. Осы уақиғадан кейін патша: «Бұдан былай ешбір еркек әйелін тыңдап ісін реттемесін! Себебі әйелін тыңдаған еркек дирһамдарынан айырылып қалады» деп жар салдырған екен. 

Бауыржан Әлиұлының парақшасынан алынды. 

Тәуекел СұлтанТәуекел Сұлтан
8 жыл бұрын 3125
0 пікір
Блог туралы