Жолын табу
Жолын табу

Жолын табу...
Әбул-Аббас әл-Мубаррид «әл-Кәмил» атты еңбегінде былай деп әңгімелейді. 
Бір күні Мәдина қаласының әкімі Маруан ибн Хакам мәжілісте: «Мен Хасан (пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның «Алланың оған игілі мен сәлемі болсын» немересі) мініп жүрген қашырға қатты қызығып жүрмін» дейді. Мәжілісте отырған Ибн Әбу Атиқ: «Жолын тауып сол қашырды саған алып берсем, отыз мұқтаждығым өтеп бересің бе?» дейді. Маруан: «Дегенің болсын, өтеп беремін» дейді. Ибн Әбу Атиқ: «Олай болса, кешқұрым адамдар сенің мәжілісіңе келгенде, мен Құрайыш руының біртуар тұлғаларының даңқты істері жайлы сөз қозғаймын. Бірақ Хасан Құрайыштан шықса да, оның тегі жөнінде ешнәрсе айтпаймын. Сен соны байқаған болып, мені жазғыр» дейді. Кешқұрым болып адамдар мәжіліске келіп орындарына жайғасқанда Ибн Әбу Атиқ уәделескендей Құрайыш руының артықшылығы жайында тереңнен сөз қозғап, мәжілістің көрігін қыздырады. Алайда Хасан жайында, оның тегі жайында ләм демейді. Әкім Маруан сөзге араласып: «Сен неге Әбу Мұхаммедтің (яғни Хасанның) артықшылығы жайында айтпайсың. Мына мәжілісте отырғандардың ешбірі онымен теңесе алмайды» дейді. Ибн Әбу Атиқ: «Біз тек Құрайыштан шыққан абыройлы жандар туралы айтып отырмыз. Ал пайғамбарлық, пайғамбардың кімнен шыққандығын әңгімелейтін болсақ, Әбу Мұхаммедтің (яғни Хасанның) артықшылығы жайында айтар едік» дейді. Мәжіліс тарқап Хасан сыртқа беттейді. Ибн Әбу Атиқ соңынан ере шығады. Хасан қашырдың үстінен оған күлімсіреп қарап: «Қандай да бір мұқтаждығың бар ма?» деп сұрайды. Ол: «Иә, бар еді. Осы қашыр» дейді. Сахаба Хасан (Алла оған разы болсын) қашырынан түсіп, тізгінін Ибн Әбу Атиққа ұстатып жүріп кеткен екен.

Бауыржан Әлиұлының парақшасынан алынды

Тәуекел СұлтанТәуекел Сұлтан
7 жыл бұрын 2366
0 пікір
Блог туралы